
Жамбыл облысында екінші мәрте ұйымдастырылған «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі биыл да кең ауқымда өтіп, аймақтың туристік және мәдени әлеуетін айшықтай түсті. Ауқымды шара Талас ауданына қарасты Есейхан ауылында ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өтті.
Фестивальге 6 мыңға жуық адам жиналып, оның қатарында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев, Парламент Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ шетелдік туристер, халықаралық сарапшылар, биологтар мен табиғат жанашырлары болды. Бұл – фестивальдің халықаралық деңгейде маңызға ие екенін көрсетеді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Жамбыл өңіріндегі қызғалдақтың табиғи түрлерін сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және өңірдің туристік тартымдылығын арттыру. Сонымен қатар, фестиваль аясында ұлттық дәстүрлер мен мәдени мұра кеңінен насихатталды.
Аталған фестивальде Мойынқұм ауданы белсенділік танытып, үш киіз үй тігіп, келген қонақтарға қазақтың дәстүрлі қонақжайлығын көрсетті. Ауданнан ұсынылған этноауылда ұлттық тағамдар ұсынылып, салт-дәстүрлер таныстырылды.
Шетелден келген қонақтар да фестивальдің ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға берді. Атап айтқанда, Германия, Қытай және Ресей Федерациясынан келген туристер қазақ халқының қонақжайлығына ерекше ризашылықтарын білдіріп, мұндай шаралардың халықаралық туризмді дамытудағы маңызы зор екенін атап өтті.
Жалпы, «Қызғалдақ мұра» фестивалі – табиғатты қорғау мен ұлттық құндылықтарды ұлықтауды қатар үйлестірген бірегей мәдени-экологиялық жоба. Мұндай бастамалар өңірдің имиджін арттырып қана қоймай, елдің туристік әлеуетін дамытуға серпін береді.