Жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында мойынқұмдық балуандар жеңіс тұғырынан көрінді

Жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында мойынқұмдық балуандар жеңіс тұғырынан көрінді

2026 жылғы 21–25 сәуір аралығында Семей қаласында қазақ күресінен жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтуде. Ел көлеміндегі маңызды спорттық дода Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт кешені базасында ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өткізілуде.

Аталған чемпионатқа еліміздің барлық өңірінен 500-ден астам жас балуан қатысып, 8 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтауда. Бұл жарыс – жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, ұлттық спортты дамытуға серпін беретін маңызды алаңдардың бірі.

Дүбірлі додада Жамбыл облысының намысын қорғаған мойынқұмдық спортшылар жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындардан көрінді.

Атап айтқанда, 98 келі салмақ дәрежесінде белдескен Мойынқұм ауданы, Күшаман ауылының тумасы Кемелбек Сабырбек барлық қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанды. Ол финалдық белдесуде жоғары техникалық шеберлік пен қайсарлық танытып, алтын жүлдені қанжығасына байлады.

Сондай-ақ, 82 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Бірлік ауылының тумасы Бақдәулет Ерасыл үздік үштікті түйіндеп, қола медаль иеленді. Оның бұл жетістігі – табандылық пен үздіксіз еңбектің нәтижесі.

Мойынқұмдық қос балуанның жетістігі – аудан спортының дамып келе жатқанын айқын көрсетеді. Сонымен қатар, бұл жеңістер жастарды салауатты өмір салтын ұстануға баулып, ұлттық спортқа деген қызығушылықты арттыра түседі.

Аудан тұрғындары мен спорт жанашырлары жеңімпаздар мен жүлдегерлерді шын жүректен құттықтап, алдағы жарыстарда да толағай табыстар тілейді.