
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар мен халық арасындағы байланысты нығайту, тұрғындардың өзекті мәселелерін дер кезінде шешу мақсатында аудан әкімдерінің елді мекендерге барып, тұрғындармен тұрақты кездесулері жалғасуда.
Осы орайда Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаев Хантау ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды мәселелерді талқылады. Кездесуге ауыл тұрғындары, сала мамандары және жауапты бөлім басшылары қатысты.
Жиын ашық сұрақ-жауап форматында өтіп, әрбір тұрғынға өз ойын еркін жеткізуге мүмкіндік берілді. Бұл өз кезегінде халық пен билік арасындағы тиімді кері байланысты қалыптастыруға ықпал етті.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, білім беру нысанының жағдайы басты назарға алынды. Тұрғындар мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтып, балалардың қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда білім алуының маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, жел күшейген кезде электр энергиясының жиі өшуі ауыл тұрғындарына айтарлықтай қолайсыздық тудырып отырғаны жеткізілді. Бұдан бөлек, қаңғыбас иттердің көбеюі де елді мекен үшін маңызды мәселелердің бірі ретінде көтерілді.
Аудан әкімі көтерілген әрбір мәселені мұқият қарап, тиісті сала мамандарымен бірлесіп нақты шешу жолдарын талқылады. Бірқатар бағыттар бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріліп, мәселелерді кезең-кезеңімен шешу жоспарланғаны атап өтілді.
Мұндай кездесулер – формальді есеп берумен шектелмейтін, нақты нәтижеге бағытталған тиімді жұмыс алаңы. Өйткені ауылдағы мәселелерді тікелей тұрғындардан есту арқылы олардың шешімін табу әлдеқайда нәтижелі болмақ.
Аудан әкімдігі алдағы уақытта да халықпен ашық диалог жүргізіп, көтерілген мәселелерді жүйелі түрде шешу бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.