Кеңес ауылдық округінде тұрғындармен ашық кездесу өтті

Кеңес ауылдық округінде тұрғындармен ашық кездесу өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, халықпен кері байланысты нығайту және тұрғындардың өзекті мәселелерін дер кезінде шешу мақсатында аудан әкімдерінің елді мекендерге барып, тұрғындармен тұрақты кездесулері жалғасуда.

Осы орайда Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаев Кеңес ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды мәселелерді талқылады. Кездесуге ауыл тұрғындары, жауапты сала мамандары мен бөлім басшылары қатысты.

Жиын дәстүрлі есеп беру форматынан гөрі ашық диалог алаңына айналды. Тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді тікелей көтеріп, нақты сұрақтарын қойды. Бұл өз кезегінде халық пен билік арасындағы өзара сенім мен тиімді байланысты нығайтуға мүмкіндік берді.

Кездесу барысында Айдарлы ауылының тұрғындары тарапынан күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететін бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, ағын судың тапшылығы, электр энергиясының тұрақсыздығы, қаңғыбас иттердің көбеюі сияқты түйткілдер қозғалды. Сонымен қатар, ауылға кіреберіс аумаққа арка орнату жөнінде ұсыныс айтылып, елді мекеннің келбетін жақсарту бағытындағы бастама көтерілді.

Аудан әкімі көтерілген әрбір мәселені назарға алып, нақты жауаптар берді. Сала мамандары да өз бағыттары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, кейбір мәселелердің шешу жолдарын бірден ұсынды. Ал кешенді түрде қарауды қажет ететін түйіндер бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы бақылауға алынатыны атап өтілді.

Мұндай кездесулер – халықтың үнін тікелей жеткізуге мүмкіндік беретін тиімді алаң. Өйткені нақты мәселелер ауыл ішінде айқын көрінеді және оларды шешудің ең дұрыс жолы – тұрғындармен бетпе-бет пікір алмасу.

Аудан әкімдігі алдағы уақытта да тұрғындармен ашық диалог жүргізіп, көтерілген мәселелерді кезең-кезеңімен шешу бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.