
Мойынқұм ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, аудан тұрғындары туған өлкені көркейтуге бағытталған игі іске белсене атсалысты. Аталған шара қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында өткізілді.
Сенбілік барысында Мойынқұм ауылының басты көшесінде орналасқан ғимараттардың қоршаулары әрленіп, ашық әрі үйлесімді түстерге сырланды. Бұл жұмыстар ауылдың эстетикалық келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ортақ іске деген жауапкершілікті арттырды. Сонымен қатар, аумақтарды тазалау, абаттандыру және көріктендіру жұмыстары қатар жүргізілді.
Аталған іс-шараға аудан әкімі Ермек Карентаев пен аудан әкімінің орынбасары Алибек Нурадинов арнайы қатысып, сенбілік жұмыстарының барысымен танысты. Олар қатысушылардың белсенділігін атап өтіп, мұндай бастамалардың ауданның көркеюіне қосатын үлесі зор екенін жеткізді.
Сенбілікке аудан әкімдігіне қарасты мекемелердің қызметкерлері, еріктілер, сондай-ақ ауыл тұрғындары жұмыла қатысып, ортақ мақсат жолында бірлік пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті. Әрбір қатысушы өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарып, туған жердің тазалығына үлес қосты.
Мұндай іс-шаралар тек бір күндік тазалықпен шектелмей, ұзақ мерзімді тәртіп пен ұқыптылықтың қалыптасуына негіз қалайды. Тұрғындардың табиғатқа деген жанашырлығы мен жауапкершілігін арттырып, өскелең ұрпаққа үлгі болады.
Мойынқұм ауданында қоршаған ортаны қорғау және елді мекендерді абаттандыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады. Тазалық пен тәртіп – әрбір азаматтың күнделікті дағдысына айналуы тиіс.