
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдер халықпен жүйелі түрде кездесулер өткізіп, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тікелей тыңдауы тиіс. Осыған орай Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаев Күшаман ауылының тұрғындарымен кезекті кездесу өткізді.
Аталған кездесу ауыл тұрғындары үшін өзекті мәселелерді ашық айтып, оларды шешу жолдарын талқылауға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды. Жиынға аудан әкімдігінің тиісті бөлім басшылары, мекеме жетекшілері, ауылдық округ әкімдігі өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан газдандыру, мектеп ғимаратының жай-күйі, жол бойындағы қараусыз мал мәселесі, жайылым тапшылығы және көше жарықтандыру бағаналарына қатысты бірқатар өзекті сұрақтар көтерілді. Әрбір мәселе назардан тыс қалмай, жан-жақты қарастырылды.
Жауапты сала мамандары аталған бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы кеңінен ақпарат беріп, тұрғындардың сұрақтарына нақты түсініктемелер ұсынды. Сонымен қатар, кейбір мәселелердің шешілу тетіктері заң аясында түсіндіріліп, мемлекеттік бағдарламалар шеңберіндегі мүмкіндіктер де айтылды.
Аудан әкімі Ермек Карентаев өз сөзінде халықпен ашық диалог орнату – жергілікті атқарушы органдар жұмысының басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе жіті бақылауда болатынын және оларды кезең-кезеңімен шешу бойынша нақты жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
Кездесу барысында қойылған сұрақтардың басым бөлігіне сол жерде нақты жауаптар берілді. Қосымша зерделеуді қажет ететін мәселелер арнайы хаттамаға енгізіліп, тиісті мекемелерге жолданды. Олардың орындалуы толық шешімін тапқанға дейін бақылауда болатыны айтылды.
Мұндай кездесулер тұрғындар мен билік арасындағы өзара сенімді нығайтып, жергілікті деңгейдегі өзекті мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік береді. Мойынқұм ауданында бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.