Қызылтал ауылдық округінде тұрғындармен кездесу өтті

Қызылтал ауылдық округінде тұрғындармен кездесу өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдер халықпен тұрақты түрде кездесулер өткізіп, тұрғындардың мәселелерін тікелей тыңдауы тиіс. Осы талап аясында Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаев Қызылтал ауылдық округінің тұрғындарымен кезекті кездесу өткізді.

Аталған кездесу – жергілікті тұрғындардың өзекті мәселелерін көтеріп, оларды шешу жолдарын бірлесіп талқылауға бағытталған маңызды диалог алаңы болды. Жиынға аудан әкімдігінің тиісті бөлім басшылары, мекеме жетекшілері, ауылдық округ әкімдігі өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.

Кездесу барысында тұрғындар тарапынан жол инфрақұрылымының жай-күйі, ағын су мәселесі, сондай-ақ А.Назарбеков ауылының көше жарығы бойынша бірқатар сұрақтар көтерілді. Әрбір мәселе назардан тыс қалмай, жан-жақты қаралды. Жауапты сала мамандары аталған бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы кеңінен ақпарат беріп, тұрғындардың сауалдарына нақты түсініктемелер ұсынды.

Аудан әкімі Ермек Карентаев өз сөзінде халықпен ашық диалог орнату – жергілікті атқарушы органдар жұмысының басты басымдығы екенін атап өтті. Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе кезең-кезеңімен шешімін табуы тиіс екенін жеткізді.

Кездесу барысында қойылған сұрақтардың басым бөлігіне сол жерде нақты жауаптар берілді. Ал қосымша зерделеуді қажет ететін мәселелер арнайы хаттамаға енгізіліп, жауапты мекемелерге тапсырылды. Олардың орындалуы аудан әкімінің тікелей бақылауында болатыны айтылды.

Мұндай кездесулер халықтың сенімін арттырып қана қоймай, жергілікті деңгейдегі түйткілді мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік береді. Мойынқұм ауданында тұрғындармен кері байланыс орнату және олардың өтініштеріне жедел жауап беру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.