
Мойынқұм ауданында тұрғындармен кері байланысты нығайту, олардың өтініштері мен ұсыныстарын жедел қарау мақсатында аудан әкімі Ермек Карентаевтың жеке қабылдауы өтті. Қабылдау барысында аудан тұрғындары өздерін толғандырған бірқатар өзекті мәселелерді көтеріп, тиісті шешімдер қабылдауға мүмкіндік алды.
Жеке қабылдауға келген азаматтар негізінен тұрғын үймен қамтамасыз ету, қаржылай көмек көрсету және ауыл аумағындағы саябақтың жағдайы секілді әлеуметтік маңызы жоғары мәселелерді ортаға салды. Әрбір өтініш мұқият тыңдалып, нақты мән-жайы зерделенді.
Қабылдау барысында аудан әкімі Ермек Карентаев тұрғындардың көтерген мәселелеріне бей-жай қарамай, оларды жан-жақты қарастыру қажеттігін атап өтті. Әрбір сұрақ бойынша тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, мәселелерді заң аясында шешу жолдары айқындалды. Сонымен қатар, кейбір өтініштер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар мен мүмкіндіктер туралы ақпарат берілді.
Мұндай жеке қабылдаулар халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, тұрғындардың сенімін арттыруда маңызды рөл атқарады. Азаматтардың мәселелерін дер кезінде шешу – жергілікті атқарушы органдар жұмысының басты бағыттарының бірі болып қала береді.
Жиын қорытындысында аудан әкімі барлық көтерілген мәселелер бақылауға алынатынын және олардың кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді. Сондай-ақ, тұрғындармен ашық диалогты жалғастыру, олардың ұсыныс-пікірлерін ескеру жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтті.
Мойынқұм ауданында халықтың үні ескерусіз қалмайды. Ашық қабылдау – нақты шешімдердің бастауы.