
Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаевтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиын аудан әкімдігі мәжіліс залында ұйымдастырылып, күн тәртібінде өңір үшін маңызды бірқатар өзекті мәселелер қаралды.
Отырыстың негізгі мақсаты – төтенше жағдайлардың алдын алу, олардың салдарын жою бағытындағы жұмыстардың жай-күйін саралап, жауапты мекемелердің дайындығын пысықтау болды. Жиын барысында тиісті сала басшылары баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы кеңінен ақпарат берді.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – аудандық орман шаруашылығы мекемесі мен ауылдық округтердегі ерікті өрт сөндіру жасақтарының дала және орман өрттерінің алдын алу және оларды жедел жоюға дайындығы. Бұл мәселе бойынша Мойынқұм ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Дүйсембаев Мейрбек Серікбайұлы баяндама жасап, өрт қауіпті кезеңге дайындық шаралары, материалдық-техникалық базаның жай-күйі, сондай-ақ жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар туралы баяндады. Сонымен қатар, елді мекендерде түсіндіру жұмыстарының жүргізілуі, ерікті жасақтардың дайындығы мен олардың өзара іс-қимылы сөз болды. Баяндама соңында комиссия мүшелері тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, нақты жауаптар берілді.
Келесі мәселе ретінде 2026 жылғы су тасқыны кезеңінің өту нәтижелері қаралды. Бұл бағытта да тиісті бөлім басшысы баяндама жасап, көктемгі кезеңдегі гидрологиялық жағдай, қауіптің алдын алу мақсатында атқарылған іс-шаралар, сондай-ақ су басу қаупі бар аумақтардағы жүргізілген жұмыстар туралы баяндады. Жалпы, қабылданған шаралардың нәтижесінде су тасқыны кезеңі тұрақты бақылауда өткендігі атап өтілді. Жиын барысында комиссия мүшелері тарапынан қойылған сұрақтарға толыққанды жауаптар беріліп, алдағы уақытта да алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар, отырыста балалардың биіктен құлау оқиғаларының алдын алу мәселесі де жан-жақты қаралды. Аталған бағыт бойынша жауапты мамандар қауіпсіздік талаптарын сақтау, көпқабатты тұрғын үйлерде қорғаныс құралдарын орнату, ата-аналар мен тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігіне тоқталды. Бұл мәселенің өзектілігі ескеріліп, профилактикалық шараларды күшейту бойынша нақты ұсыныстар берілді.
Жиын қорытындысында аудан әкімі Ермек Карентаев жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеп, төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, барлық қызметтердің өзара үйлесімді әрекетін қамтамасыз ету, халықтың қауіпсіздігін сақтау бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті.