ҰЛАНБЕЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ АУДАН ӘКІМІНІҢ ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

ҰЛАНБЕЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ АУДАН ӘКІМІНІҢ ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулері жүйелі түрде өткізіліп келеді. Аталған талапқа сәйкес, аудан әкімі Ермек Карентаев Ұланбел ауылдық округінің тұрғындарымен жоспарлы кездесу өткізді.

Кездесудің негізгі мақсаты – тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, өзекті мәселелерді анықтау және оларды кезең-кезеңімен шешу жолдарын қарастыру. Жиынға аудан әкімдігінің тиісті бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдігі өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Кездесу барысында тұрғындар тарапынан ауылдың әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, ұзақ уақыттан бері бос тұрған, ауылдың көркін бұзып тұрған ғимараттарды жою, ветеринариялық пункттің қажеттілігі, ауылға учаскелік полиция инспекторын бекіту, сондай-ақ ғаламтор желісінің сапасын жақсарту мәселелері сөз болды.

Аудан әкімі көтерілген мәселелердің әрқайсысына ерекше назар аударып, тұрғындардың ұсыныс-тілектерін мұқият тыңдады. Жауапты сала басшылары тарапынан аталған мәселелер бойынша тиісті түсініктемелер беріліп, олардың шешу жолдары нақты айтылды.

Жиын барысында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың басым бөлігіне сол жерде нақты жауаптар берілді. Ал қосымша зерделеуді қажет ететін мәселелер арнайы хаттамаға енгізіліп, жауапты мекемелерге тапсырылды. Сонымен қатар, бұл мәселелер толық шешімін тапқанға дейін аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында болатыны атап өтілді.

Осындай кездесулер халық пен билік арасындағы кері байланысты нығайтып, жергілікті деңгейдегі түйткілді мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ететін маңызды тетік болып табылады.