
2026 жылғы 14 сәуір күні аудан әкімінің төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өткізілді. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ тиісті бөлімдер мен мекемелердің басшылары қатысты.
Аппараттық кеңес барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар өзекті мәселелер жан-жақты қаралды. Атап айтқанда, елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы жұмыстардың орындалу барысы және көктемгі екі айлық сенбілік шеңберінде атқарылып жатқан тазалық, абаттандыру жұмыстары талқыланды. Жауапты сала басшылары атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, алдағы кезеңге арналған жоспарларымен бөлісті.
Сонымен қатар, кеңесте аса маңызды санитарлық-эпидемиологиялық мәселе – Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы жүргізіліп жатқан алдын алу шараларының тиімділігі қаралды. Тиісті сала мамандарына аурудың таралуының алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту, профилактикалық іс-шараларды жүйелі түрде жүргізу тапсырылды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе – вегетациялық кезеңнің өту барысы болды. Бұл бағытта су ресурстарын тиімді пайдалану, егістік алқаптарды сумен қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстардың үйлесімді жүргізілуі жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Бұдан бөлек, өңірдегі этносаралық ахуалдың тұрақтылығы, халықты жұмыспен қамту деңгейі, мемлекеттік және әлеуметтік бағдарламалардың іске асырылу барысы да кеңінен талқыланды. Жауапты бөлімдерге халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстарды күшейту міндеті жүктелді.
Кеңес барысында ауданның 60 жылдық мерейтойына дайындық мәселесі де назардан тыс қалмады. Мерейтой аясында өткізілетін мәдени-көпшілік іс-шаралардың сапалы әрі мазмұнды ұйымдастырылуын қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Жиын қорытындысында аудан әкімі барлық көтерілген мәселелердің маңыздылығына тоқталып, жауапты бөлімдер мен мекеме басшыларына нақты міндеттер жүктеді. Сонымен қатар, берілген тапсырмалардың уақытылы және сапалы орындалуын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін ерекше атап өтті.