
Қазақстан Орталық Азия елдері арасында жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) деңгейі бойынша бірінші орынға шықты және Ресей мен Қытайды басып озды. Бұл туралы Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) деректерінде айтылған.
Халықаралық валюта қорының мәліметінше, 2025 жылы Қазақстандағы жан басына шаққандағы ЖІӨ 14 770 долларды құрады. Салыстырмалы түрде, Ресейде бұл көрсеткіш 14 260 доллар, ал Қытайда 13 690 доллар болды.
Орталық Азияда Қазақстан басқа елдерден айтарлықтай алда келеді. Түрікменстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ 13 340 долларды құраса, Өзбекстанда – 3 510 доллар, Қырғызстанда – 2 750 доллар, ал Тәжікстанда – 1 430 доллар болды.
Сонымен қатар, Қазақстан ТМД елдері арасында да көш бастап тұр. Ол Грузияны (9 570 доллар), Арменияны (8 860 доллар), Молдованы (8 260 доллар), Беларусьті (7 880 доллар), Әзербайжанды (7 600 доллар) және Украинаны (6 260 доллар) артта қалдырды.
ХВҚ жан басына шаққандағы ЖІӨ-ні ағымдағы бағалар бойынша есептейді, бұл жалпы әл-ауқат деңгейі мен сатып алу қабілетін бағалауға мүмкіндік береді.
«Қазақстанның мықты позициялары пайдалы қазбалардың мол қорымен байланысты, ал энергия ресурстары мен шикізат экспорты экономикалық өсудің негізгі қозғаушы күші болып қала береді», – делінген есепте.
Соңғы жылдары елде шикізатты өңдеу саласы дамып, жоғары қосылған құны бар өнімдер өндірісі артып келеді.
Өсімнің қосымша факторларына бизнес-ортаны жақсарту реформалары, шетелдік инвестициялар ағыны және инфрақұрылымды жаңғырту жатады.
«Көлік, логистика, технология, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтерге салынған инвестициялар ішкі сұраныстың артуына және еңбек өнімділігінің өсуіне ықпал етеді», – деп атап өтті ХВҚ сарапшылары.
Қазақстанның географиялық орналасуы да маңызды рөл атқарады. Ел Еуропа мен Азия арасындағы негізгі көпір болып саналады және «Бір белдеу – бір жол» сияқты халықаралық сауда бастамаларына қатысады.
Қордың бағалауынша, макроэкономикалық тұрақтылық қалыпты инфляция, теңгенің тұрақты бағамы және теңгерімді бюджет саясаты арқылы сақталып отыр.
«Ұлттық банк пен үкіметтің саясаты жаһандық сын-қатерлер жағдайында да экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге көмектеседі», – делінген есепте.