Мойынқұм аудандық ауруханасында Дүниежүзілік денсаулық күніне арналған «Көңілді старт» спорттық іс-шарасы өтті

Мойынқұм аудандық ауруханасында Дүниежүзілік денсаулық күніне арналған «Көңілді старт» спорттық іс-шарасы өтті

7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күніне орай Мойынқұм аудандық орталық ауруханасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған ауқымды спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, медицина қызметкерлерінің бастамасымен «Көңілді старт» атты эстафеталық жарыстар өткізіліп, оған аурухананың түрлі бөлімдерінің қызметкерлері белсене қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – ұжым арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, қызметкерлердің дене белсенділігін арттыру, сондай-ақ командалық рух пен ұйымшылдықты нығайту болды. Бұл бастама медицина қызметкерлерінің тек кәсіби қызметте ғана емес, сонымен қатар спорт пен белсенді өмір салтында да үлгі бола алатынын көрсетті.

Жарыс бағдарламасы мазмұнды әрі қызықты спорт түрлерінен құралды. Қатысушылар арқан тарту, қол күрес, гір тасын көтеру, секіртпемен секіру, жүгіру және ұлттық ойындардың бірі – асық ату бойынша өзара бақ сынасты. Әрбір кезеңде қатысушылар өздерінің ептіліктері мен шапшаңдықтарын, төзімділіктері мен күш-жігерлерін барынша көрсете білді.

Аталған іс-шара барысында ерекше ұйымшылдық пен белсенділік байқалды. Қатысушылар бір-біріне қолдау көрсетіп, жарыс достық әрі көтеріңкі көңіл-күйде өтті. Бұл өз кезегінде ұжым ішіндегі ынтымақтастықты арттырып, әріптестер арасындағы қарым-қатынасты нығайта түсті.

Спорттық сайыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар мен қатысушылар анықталып, арнайы марапаттармен және алғыс хаттармен марапатталды. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі салтанатты түрде өтіп, қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.

Аталған шара «Спорт – денсаулық кепілі» қағидатын тағы бір мәрте дәлелдеп, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын кеңінен насихаттады. Мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, медицина қызметкерлері арасында дәстүрлі түрде өткізілетін болады.