
Жамбыл облысында цифрлық инфрақұрылымды дамыту бойынша шаралар жүйелі түрде іске асырылып келеді. Негізгі бағыттардың бірі – өңірдің шалғай елді мекендерін сапалы байланыспен қамтамасыз етуге бағытталған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы.
Жоба аясында облыстың бес ауданында — Меркі, Жуалы, Т. Рысқұлов ауданы, Қордай және Мойынқұм аудандарында — антенна-діңгек құрылыстарын салу бойынша 11 жоба жүзеге асырылуда. Бұл ауыл тұрғындары үшін интернеттің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, онлайн білім алу, медициналық қызметтер мен мемлекеттік сервистерді пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтеді.
2025 жылға 561 іс-шара жоспарланған, оның ішінде қазіргі таңда 308-і орындалды. Сонымен қатар, мерзімі өтіп кеткен іс-шаралар тіркелмеген, бұл жобаларды басқару жүйесінің жоғары тиімділігін көрсетеді. Қалған 253 іс-шара 2026 жылға ауыстырылды.
Цифрлық инфрақұрылымды дамыту өңір экономикасына да оң әсерін тигізуде. Интернет сапасының жақсаруы кәсіпкерліктің дамуына, онлайн қызметтер мен электрондық сауданың кеңеюіне ықпал етеді. Сонымен қатар, ауыл жастары үшін білім алу мен өзін-өзі дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашылады.
Осылайша, «Қолжетімді интернет» жобасы цифрлық теңсіздікті қысқартуға және Жамбыл облысы аумақтарының әлеуметтік-экономикалық дамуын теңестіруге бағытталған маңызды стратегиялық бастама болып табылады.