“Нұрбала” балалар орталығы жаңа ғимаратқа қоныс аударды

“Нұрбала” балалар орталығы жаңа ғимаратқа қоныс аударды

Мойынқұм ауданында ерекше балаларға арналған “Нұрбала” балалар орталығы жаңа ғимаратқа қоныс аударып, өз жұмысын жаңаша форматта жалғастыруда. Жаңа нысан орталық қызметінің сапасын арттырып, тәрбиеленушілер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Жуырда медиа орталық ұжымы арнайы барып, орталықтың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Сапар барысында жаңа ғимараттың талапқа сай жабдықталғаны, балалардың жан-жақты дамуына барлық мүмкіндік қарастырылғаны анық байқалды.

Жаңа ғимарат кең, жарық әрі заманауи талаптарға толық сәйкес келеді. Қауіпсіздік шаралары да жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Сонымен қатар, кең аула балалардың еркін ойнап, таза ауада серуендеуіне, дене белсенділігін арттыруына үлкен мүмкіндік береді. Мұндай жайлы әрі қауіпсіз орта орталық жұмысына тың серпін беріп отырғаны сөзсіз.

Қазіргі таңда орталықта 15 бала тәрбиеленуде. Тәрбиеленушілер Мойынқұм ауданына қарасты Бірлік, Жамбыл және Мойынқұм ауылдарынан арнайы инватакси арқылы тасымалданады. Бұл өз кезегінде балалардың орталыққа тұрақты қатысуына және сапалы қызмет алуына жағдай жасап отыр.

Ата-аналар да орталықтағы өзгерістерге оң бағасын беруде. Тілшілерге берген сұхбаттарында олар жаңа ғимараттың жайлылығы мен балалар үшін жасалған жағдайларға дән риза екендерін жеткізді. Балаларының көңіл-күйі мен жетістіктері ата-аналар сенімін одан әрі нығайта түскен.

Ең бастысы – нәтиже. Бүгінде балалардың жүзінен қуаныш пен шаттықты, ал ата-аналардың сөзінен сенім мен алғысты анық байқауға болады.

“Нұрбала” балалар орталығы – бұл тек әлеуметтік нысан ғана емес, бұл – ерекше балалар үшін үміт пен мүмкіндіктің мекені. Мұнда әр балаға қамқорлық көрсетіліп, олардың болашағына жол ашылуда.