Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысы өтті

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысы өтті

Бүгін Мойынқұм ауданында аудан әкімінің орынбасары М.Тулеулиевтің төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Жиынға комиссия мүшелері, тиісті мемлекеттік мекемелердің басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар мен мүдделі тараптар қатысты.

Күн тәртібіне сәйкес үш негізгі мәселе қаралды. Атап айтқанда, аудандағы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қазіргі жағдайы және оның алдын алу шаралары туралы мәселе жан-жақты талқыланды. Баяндамашылар тарапынан құқық бұзушылықтардың себептері мен салдары сараланып, профилактикалық жұмыстарды күшейту қажеттігі атап өтілді.

Сонымен қатар, мүгедектігі бар балалар мен жастарды әлеуметтендіру мәселесі қарастырылды. Осы бағытта ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау, олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау, сондай-ақ мұндай санаттағы балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру қажеттігі сөз болды.

Үшінші мәселе ретінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағытындағы жұмыстар талқыланды. Әйелдердің кәсіпкерлік белсенділігін арттыру, жаңа бизнес-бастамаларды қолдау және оқыту, қаржылай қолжетімділікті кеңейту мәселелері көтерілді.

Отырыс барысында көтерілген барлық мәселелер бойынша нақты ұсыныстар айтылып, жауапты органдарға тиісті тапсырмалар жүктелді. Комиссия төрағасы М.Тулеулиев жоспарланған іс-шаралардың уақытылы, сапалы әрі үйлестірілген түрде жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Жиын қорытындысы бойынша белгіленген тапсырмалардың орындалуы тұрақты бақылауға алынатыны атап өтілді.