Анна Холиган, BBC, Амстердам
25 наурыз 2026 ж., оқу уақыты: 6 минут
Екі жыл бұрын Нидерландта мектептерде смартфон қолдануға тыйым енгізілді. Бұл шара оқушылардың назарын бөлетін факторларды азайтып, зейінін арттыру және сол арқылы оқу үлгерімін жақсарту мақсатында қабылданған.
Содан бері смартфондар, смарт-сағаттар және планшеттер елдегі барлық мектептердің сыныптарынан, дәліздерінен және асханаларынан алынып тасталды.
Енді Нидерланд үкіметі бұдан да қатаң шара қабылдауды жоспарлап отыр — 16 жасқа толмаған балаларға кейбір әлеуметтік желілерді қолдануға тыйым салу. Ел билігі Instagram, TikTok және Snapchat сияқты қосымшаларға 15+ жас шектеуін бүкіл Еуропа бойынша енгізуге шақырып отыр.
(Бұл — BBC тілшісінің репортажының аудармасы. Түпнұсқасын ағылшын тілінде оқуға болады.)
«Үйде немесе шкаф ішінде»
Амстердамдағы Cygnus Gymnasium гимназиясының кіреберісінде оқушыларға арналған ашық сары түсті ескерту тақтайшасы ілінген:
«Назар аударыңыз: осы сәттен бастап телефондарыңыз шкаф ішінде болуы керек. Рақмет».
Есте қаларлық ұран (ең болмаса нидерланд тілінде) — «Telefoon t'huis of in de kluis» («Телефон үйде немесе шкаф ішінде») — енді елдегі барлық мектептер үшін өзекті.
Заң қабылдаудың орнына, үкімет мектептермен келісім жасауды жөн көрді. Яғни ата-аналармен және мұғалімдермен бірлесіп, оқу орындарында телефон қолдануды шектеу туралы ортақ шешімге келген. Биліктің пікірінше, мұндай тәсіл шешімді қолдауды қамтамасыз етіп, ұзақ заң шығару процесінсіз жаңа ережелерді тез енгізуге мүмкіндік берді.