
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияны жаңарту мен елдің саяси жүйесін жетілдіруге бағытталған референдумның маңыздылығын ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы өз сөзінде бұл үдерістің ұлттық мүддені терең түсінудің, Ата заңды құрметтеудің және азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі екенін жеткізді.
Президент референдумға қатысқан барлық азаматтарға шынайы ризашылығын білдіріп, олардың ел тағдырына бейжай қарамайтынын атап өтті. Әсіресе, жастардың белсенділігі мен патриоттық ұстанымы жоғары бағаланды. Жас буынның бұл тарихи кезеңге қосқан үлесі олардың ел дамуына бей-жай қарамайтын саналы азамат ретінде қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
«Дауыс беру – әр азаматтың тарихи миссиясы. Бұл – ел болашағын айқындайтын маңызды қадам», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Референдум нәтижесі Қазақстанның демократиялық даму жолындағы маңызды белеске айналып, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді нығайта түсті. Конституциялық өзгерістер елдің тұрақты дамуына, әділетті қоғам қалыптастыруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
Бұл бастама – Жаңа Қазақстанды құру жолындағы нақты қадамдардың бірі. Азаматтардың белсенді қатысуы елдің бірлігі мен болашаққа деген сенімінің жарқын дәлелі болып табылады.