
2026 жылғы 15 наурыз күні елімізде Қазақстан Республикасының Конституциялық реформасына арналған республикалық референдум өтуде. Бұл маңызды саяси науқан аясында Мойынқұм ауданында түрлі қоғамдық және игі шаралар ұйымдастырылуда.
Бүгін Мойынқұм ауылындағы Жамбыл мектеп-гимназиясында орналасқан №314 референдум учаскесінің сайлаушы жастары мен Мойынқұм ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы М. Сабыров мектеп ауласына ағаш отырғызу акциясын өткізді.
Игі шараға қатысқан жастар мен ауыл ақсақалдары мектеп ауласын көгалдандыру мақсатында бірқатар ағаш көшеттерін отырғызды. Бұл бастама – табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғау және туған жерге деген сүйіспеншілікті дәріптеудің айқын көрінісі болды.
Аталған шара барысында жастар мен үлкен буын өкілдері бірлесіп еңбек етіп, ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісін көрсетті. Аға буынның өнегелі ісі жастарды табиғатты қорғауға, туған жердің көркеюіне үлес қосуға шақырады.
Егілген әрбір көшет – болашақтағы жасыл желектің бастауы. Бұл игі іс ауылдың экологиялық жағдайын жақсартуға, табиғатты қорғауға және ауыл көркін арттыруға бағытталған маңызды бастама болып табылады.
Мұндай шаралар тұрғындардың қоғамдық белсенділігін арттырып қана қоймай, ел болашағына деген жауапкершілікті де айқындай түседі. Референдум күні ұйымдастырылған бұл бастама тұрғындардың бірлігі мен ынтымағын тағы бір мәрте көрсетті.