Референдумға аудан азаматтары белсенді атсалысуда

Референдумға аудан азаматтары белсенді атсалысуда

2026 жылғы 15 наурыз күні елімізде Қазақстан Республикасының Конституциялық реформасына арналған республикалық референдум өтуде. Бұл маңызды саяси науқанға Мойынқұм ауданының тұрғындары да белсенді түрде қатысып, өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдіруде.

Таңғы сағат 07:00-ден бастап аудан аумағындағы барлық референдум учаскелері өз жұмысын бастады. Дауыс беру үдерісі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұйымдастырылып, учаскелерде сайлаушыларға барлық қажетті жағдай жасалған. Референдум учаскелерінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік сақталып, дауыс беру ашық әрі заң талаптарына сай өткізілуде.

Аудан тұрғындары ерте таңнан бастап өз учаскелеріне келіп, ел болашағына бейжай қарамайтындарын көрсетуде. Әсіресе, аға буын өкілдері мен жастардың белсенділігі ерекше байқалады. Олардың референдумға қатысуы – қоғамдағы азаматтық жауапкершілік пен ел тағдырына деген жанашырлықтың айқын көрінісі.

Референдум учаскелерінде тұрғындар үшін түрлі мәдени және зияткерлік шаралар да ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, кейбір учаскелерде шахмат пен дойбыдан жарыстар өткізіліп, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік жасалуда. Мұндай шаралар тұрғындардың белсенділігін арттырып, референдум күні мерекелік әрі көтеріңкі көңіл-күй қалыптастыруға ықпал етуде.

Сонымен қатар, ауданның ардагерлері мен жасы үлкен тұрғындары да референдумға келіп, өз таңдауларын жасауда. Олардың белсенділігі – жас буын үшін үлкен үлгі. Ел болашағына бейжай қарамайтын әрбір азамат өз дауысын беріп, мемлекет дамуының маңызды кезеңіне үлес қосуда.

Бүгінде Мойынқұм ауданындағы барлық референдум учаскелері қалыпты режимде жұмыс істеуде. Тұрғындардың дауыс беруіне барлық жағдай жасалып, референдум үдерісі жоғары деңгейде ұйымдастырылған.

Референдум – халықтың еркін білдіретін маңызды демократиялық тетік. Сондықтан бүгінгі дауыс беру еліміздің болашағы үшін маңызды шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Аудан тұрғындарының белсенділігі олардың ел дамуына деген жауапкершілігін айқын көрсетіп отыр.