
Мойынқұм ауданында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік кеш аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылып, оған аудан тұрғындары, сала ардагерлері, көпбалалы аналар мен түрлі салада еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер қатысты.
Салтанатты жиында Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаев ауданның аяулы аналары мен ардақты қыз-келіншектерін көктемнің алғашқы шуақты мерекесі – 8 наурыз мерекесімен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысы әйелдердің қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтіп, олардың отбасы берекесін сақтап, ұрпақ тәрбиелеудегі еңбегін жоғары бағалады.
Аудан әкімі бүгінгі таңда нәзік жандылар тек отбасының ұйытқысы ғана емес, сонымен қатар білім, медицина, мәдениет, кәсіпкерлік және мемлекеттік қызмет салаларында да табысты еңбек етіп, қоғам дамуына зор үлес қосып келе жатқанын айтты.
– Әйел – шаңырақтың шырағы, отбасының берекесі, ұрпақ тәрбиесінің алтын діңгегі. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз, мейірімдеріңіз бен төзімдеріңіз қоғамның дамуына үлкен серпін береді. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді аудан әкімі.
Мерекелік шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар қыз-келіншектер мен аналар аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл – олардың қоғам игілігі жолындағы еңбектеріне көрсетілген құрмет пен ризашылықтың белгісі.
Кештің мәдени бағдарламасы да мазмұнды әрі әсерлі өтті. Сахна төрінде өнер көрсеткен «Тараз» триосы, танымал әнші Құрмантай Қуанышбаев және аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әндер мен әсерлі қойылымдарын ұсынып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Өнер иелері орындаған әндер мен музыкалық композициялар мерекелік кештің ажарын аша түсіп, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады. Жиналған қауым өнерпаздардың өнеріне ризашылықтарын білдіріп, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.
Жылы лебіздер мен әсем әнге толы бұл мерекелік кеш нәзік жандыларға деген құрметтің жарқын көрінісіне айналды. Аяулы аналар мен ардақты қыз-келіншектерге арналған бұл шара Мойынқұм жұртшылығына көтеріңкі көңіл күй мен ұмытылмас әсер сыйлады.