Білім саласының өкілдері жаңа Конституцияны қолдайды

Білім саласының өкілдері жаңа Конституцияны қолдайды

Шығыс Қазақстандағы Сәрсен Аманжолов атындағы университетте профессор-оқытушылар құрамымен кездесу өтті. Кездесуге «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясының мүшелері қатысып, жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін талқылады.

Кездесу барысында коалиция мүшелері жаңартылған Негізгі заң жобасының негізгі нормаларын жан-жақты түсіндіріп, білім беру мен ғылымды дамытуға бағытталған бастамаларға ерекше назар аударды. Сондай-ақ білім сапасын арттыру, ғылыми зерттеулерді қолдау және адами капиталды дамыту мәселелері кеңінен сөз болды.

Іс-шара барысында жаңа Конституция жобасында мәдениет, білім, ғылым және инновация құндылықтары ел дамуының негізгі бағыттарының бірі ретінде айқын белгіленгені атап өтілді. Құжатта адами капиталды дамыту, сапалы білім беруді қамтамасыз ету және ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыру мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде қарастырылған.

Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының 33-бабына ерекше назар аударылды. Бұл бапта білім беру саласындағы нақты кепілдіктер бекітілген. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының азаматтарына мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуға кепілдік берілетіні көрсетілген. Сонымен қатар бастауыш және негізгі орта білім алу міндетті болып қала береді.

Сондай-ақ азаматтардың мемлекеттік жоғары оқу орындарында конкурс негізінде жоғары білім алуға құқығы заңға сәйкес бекітілгені айтылды. Бұл норма жастардың жоғары білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге және дарынды жастарды қолдауға бағытталған.

Кездесу барысында жеке оқу орындарында ақылы білім алу заңнама аясында жүзеге асырылатыны да түсіндірілді. Сонымен қатар мемлекет барлық білім беру ұйымдары орындауға міндетті білім беру стандарттарын белгілейтіні айтылды. Бұл талаптар меншік нысанына қарамастан барлық білім беру ұйымдары үшін міндетті.

Сонымен қатар қатысушыларға еліміздегі білім беру жүйесінің зайырлы сипаты сақталатыны түсіндірілді. Тек діни (рухани) білім беру ұйымдары ғана бұл талаптан тыс қарастырылып, олардың қызметі заңнаманың арнайы нормаларымен реттеледі.

Кездесу барысында коалиция мүшесі Гүлмира Байыркенова жаңа Конституция жобасында білім мен ғылымды дамытуға ерекше мән берілгенін атап өтті.

Оның айтуынша, білім мен ғылым саласын нығайту – елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған маңызды қадам. Сапалы білім мен қуатты ғылыми әлеует кез келген мемлекеттің болашағын айқындайтын негізгі факторлардың бірі болып табылады.

«Жаңа Конституция жобасында білім мен ғылымды дамытуға ерекше мән берілген. Бұл – еліміздің ұзақ мерзімді дамуына және халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Сапалы білім мен мықты ғылым – кез келген мемлекеттің болашағын айқындайтын негізгі факторлар. Сондықтан адами капиталды дамытуға басымдық беру – дұрыс стратегиялық шешім», – деді Гүлмира Байыркенова.

Кездесу соңында университеттің профессор-оқытушылар құрамы білім мен ғылым саласын дамытуға бағытталған бастамаларды қолдайтындарын білдірді. Олардың пікірінше, жаңа Конституция жобасында ұсынылған нормалар елдің зияткерлік әлеуетін арттыруға, жастардың сапалы білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге және ғылымның дамуына жаңа серпін беруге ықпал етеді.

Сонымен қатар қатысушылар алдағы 15 наурызда өтетін референдумның маңыздылығын атап өтіп, оған белсенді қатысуға дайын екендіктерін білдірді.