Бизнеске жаңа кепілдіктер мен мүмкіндіктер

Бизнеске жаңа кепілдіктер мен мүмкіндіктер

Астанада «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының өкілдері Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекеннің» қызметкерлерімен кездесті. Іс-шара жаңартылған Конституция жобасын қоғам арасында талқылау аясында ұйымдастырылып, кәсіпкерлік қауымдастық өкілдеріне құжаттың негізгі ережелерін түсіндіруге арналды.

Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» – бизнес пен мемлекет арасындағы өзара тиімді диалогты дамыту мақсатында құрылған маңызды институт. Ұйымның негізгі міндеті – кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті реттейтін заңдар мен нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу процесіне бизнес өкілдерінің кеңінен қатысуын қамтамасыз ету.

Кездесу барысында қатысушыларға жаңа Конституция жобасының негізгі қағидалары жан-жақты түсіндіріліп, олардың ел экономикасының дамуына, кәсіпкерлік ортаның қалыптасуына және іскерлік белсенділіктің артуына тигізетін ықпалы туралы айтылды. Іс-шара ашық диалог форматында өтті. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсынылып отырған өзгерістер жөнінде пікір алмасты.

Жиында кәсіпкерлер үшін құқықтық кепілдіктер мәселесіне ерекше назар аударылды. Maqsat Narikbayev University заң ғылымдарының кандидаты, профессор Әлия Оразбаева жаңа Конституция жобасы кәсіпкерлікті дамытуға берік құқықтық негіз қалыптастыратынын атап өтті.

Оның айтуынша, құжатта кәсіпкерлік қызмет үшін аса маңызды қағидаттар – жеке меншікке қол сұқпаушылық және заң үстемдігі бекітілген. Бұл нормалар бизнестің тұрақты әрі болжамды реттеу ортасында жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, инвестиция тартуға және кәсіпкерлік қызметтің ұзақ мерзімді дамуына қолайлы жағдай жасайды.

Сонымен қатар жаңа Негізгі заң жобасында меншік құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту қарастырылған. Атап айтқанда, меншік иелерінің жағдайын нашарлататын нормаларды қабылдауға жол берілмейтіні көрсетілген. Мұндай қағидалар кәсіпкерлер мен инвесторлардың сенімін арттырып, елдегі іскерлік ортаның дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.

Кездесу барысында кәсіпкерлік сектор үшін өтпелі кезең мәселесі де қозғалды. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Дихан Қамзабекұлы 2026 жыл кәсіпкерлік саласы үшін бейімделу кезеңі ретінде белгіленгенін айтты.

Оның айтуынша, бұл кезең кәсіпкерлерге жаңа талаптарға біртіндеп бейімделуге, қажетті өзгерістер мен цифрлық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде айыппұл санкциялары тәуекелін азайтып, іскерлік ортаның тұрақтылығын сақтауға ықпал етеді.

Кездесуде сондай-ақ Астана қалалық жалпыұлттық коалиция филиалының төрағасы Ерлан Каналимов пен Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Олжас Сыдықбек сөз сөйледі. Олар кәсіпкерлердің конституциялық өзгерістерді талқылауға белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтіп, мемлекет пен бизнес арасындағы сындарлы диалог тиімді экономикалық саясат қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын айтты.

Іс-шара барысында қатысушылар кәсіпкерлік ортаны одан әрі дамыту, бизнестің құқықтық кепілдіктерін күшейту және мемлекеттік реттеудің ашықтығын арттыру мәселелері бойынша пікір алмасты.

Кездесу соңында кәсіпкерлер ұйымдастырушыларға жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін жан-жақты түсіндіргені үшін алғыс білдірді. Қатысушылар мұндай кездесулер қоғам мен бизнес арасындағы өзара түсіністікті арттыратынын атап өтіп, елдің тұрақты дамуына бағытталған жаңартылған Конституция ережелерін іске асыруға азаматтар мен кәсіпкерлердің белсенді қатысуы маңызды екенін айтты.