
Арыс қаласында Түркістан облыстық «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясының мүшелері медицина қызметкерлерімен кездесу өткізді. Іс-шара «Торабтық аурухана» өндірістік кооперативінің базасында ұйымдастырылып, алдағы референдум мен Конституцияға енгізілетін өзгерістерді талқылауға арналған ашық диалог алаңына айналды.
Кездесуге Түркістан облыстық коалициясының төрағасы, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, сондай-ақ коалиция мүшелері – «Ауыл» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Төрегелді Қалмұратов, «Respublica» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Бекжан Айтқұлов, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары Бақытжан Серманизов пен Ержан Қосмамбетов, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің аға оқытушысы Олжас Досекеев, «Amanat» партиясының Арыс қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков, Арыс қалалық мәслихатының төрағасы Қайрат Ахметов, қалалық мәслихат депутаты Маханбет Төлебеков, сондай-ақ дәрігерлер мен орта буын медицина мамандары қатысты.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Медицина саласының өкілдері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, алдағы референдумның маңызы мен ел дамуына ықпалы туралы пікір алмасты.
Алғашқы болып сөз алған өңірлік коалиция төрағасы Нұралы Әбішов ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің әлеуметтік бағыттылығына жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, жаңа нормалар азаматтардың денсаулық сақтау құқығын нақтылап, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға құқықтық негіз қалыптастырады.
Сонымен қатар ұсынылып отырған түзетулерде медицина қызметкерлерін қолдау мәселесіне ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, медицина саласы мамандарының еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік кепілдіктерін күшейту және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелері қарастырылған.
Түркістан облыстық коалициясының мүшелері де өз баяндамаларында заңнамалық өзгерістердің денсаулық сақтау жүйесінің дамуына оң әсер ететінін атап өтті. Олардың пікірінше, әлеуметтік саясатты нығайту және құқықтық базаны жетілдіру медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуға, саланы басқарудың тиімділігін арттыруға және медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында денсаулық сақтау саласының әлеуметтік мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар екені ерекше атап өтілді. Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, заманауи медициналық инфрақұрылымды дамыту, ауруханалар мен емханалардың материалдық-техникалық базасын нығайту, сондай-ақ медицина қызметкерлерін қолдау – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі екені айтылды.
Сондай-ақ қатысушылар алдағы референдумның маңыздылығына тоқталып, бұл саяси оқиға әрбір азаматтың ел болашағына қатысты өз ұстанымын білдіруіне мүмкіндік беретін маңызды кезең болатынын атап өтті.
Сонымен бірге жүргізіліп жатқан реформалар денсаулық сақтау саласындағы қаржылық ашықтықты арттыруға, медициналық инфрақұрылымды дамытуға және сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге, әсіресе ауылдық елді мекендерде, оң ықпал ететіні айтылды.
Кездесу соңында медицина қызметкерлері жүргізіліп жатқан реформаларды қолдайтындарын білдіріп, денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту маңызды екенін атап өтті. Қатысушылар ұсынылып отырған өзгерістер медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға, олардың еңбек жағдайларын жақсартуға және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға оң әсер ететініне сенім білдірді.