
Мойынқұм ауданында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай тағылымды кездесу өтті. Аудан әкімі Ермек Карентаев ауданымыздың ақ жаулықты аналары мен ардақты әжелерін, сондай-ақ түрлі салада еңбек етіп жүрген әйелдер қауымын мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Мерекелік басқосу барысында аудан басшысы аналардың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті. Ол әйел-аналардың отбасының ұйытқысы, ұрпақ тәрбиесінің негізі әрі қоғамдағы тұрақтылық пен бірліктің тірегі екенін айтты.
Кездесу барысында аудан әкімі Наурыз мейрамының ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын, халқымыздың салт-дәстүрі мен бірлігін нығайтатын ерекше мереке екенін жеткізді. Сонымен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық өмірдің түрлі салаларына белсене араласып жүрген әйелдердің еңбегі әрдайым жоғары бағаланатынын атап өтті.
– Сіздер шаңырақтың шуағы, отбасының берекесі, ұрпақ тәрбиесінің темірқазығысыздар. Әр шаңырақта ананың мейірімі мен ақ батасы бар жерде береке мен бірлік орнайды. Ауданымыздың өсіп-өркендеуіне қосып жүрген еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін, – деді аудан әкімі өз құттықтауында.
Шара барысында мерейтой иелері мен қоғам өміріне белсене араласып жүрген бірқатар аналарға құрмет көрсетіліп, бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар ақ жаулықты әжелер ақ баталарын беріп, мерекелік лебіздерін жеткізді.
Кездесу жылы жүзді әңгіме, ізгі тілектер мен мерекелік көңіл күйге толы болды.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы әр шаңыраққа құт-береке, молшылық пен ырыс әкелсін!