
Бүгін аудан әкімі Е.Карентаевтың төрағалығымен Мойынқұм ауданы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Комиссия жұмысына құқық қорғау органдарының, тиісті бөлімдер мен мекемелердің басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Күн тәртібінде құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және босатылған азаматтарды әлеуметтік бейімдеу мәселелері қамтылған төрт өзекті сұрақ қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша жекелеген құқық бұзушылық түрлері бойынша тіркелген өсім көрсеткіштері сараланып, олардың себеп-салдары талданды. Жауапты мекеме өкілдері атқарылған жұмыстар туралы баяндап, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында профилактикалық шараларды күшейту, түсіндіру жұмыстарын жандандыру және ведомствоаралық өзара іс-қимылды арттыру бойынша нақты ұсыныстарын жеткізді.
Екінші мәселе аясында Мойынқұм ауданы полиция бөлімінің материалдық-техникалық қамтамасыз етілу деңгейі қаралды. Қызметтік автокөліктер, арнайы құрал-жабдықтар, байланыс жүйелері және ғимарат жағдайына қатысты мәселелер талқыланып, құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыру үшін қажетті қолдау шаралары белгіленді.
Үшінші мәселе бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен босатылған адамдарды әлеуметтік бейімдеу бағытындағы жұмыстар сараланды. Атап айтқанда, оларды жұмысқа орналастыру, қайта даярлау курстарына тарту, медициналық бақылаумен қамту және әлеуметтік қолдау шараларын көрсету мәселелері көтерілді. Қайталама құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында босатылған азаматтармен жүйелі әрі кешенді жұмыс жүргізудің маңыздылығы атап өтілді.
Сондай-ақ, Ұланбел, Қарабөгет, Қылышбай, Қызылтал ауылдық округтерінде құқық бұзушылық профилактикасы бойынша атқарылған жұмыстар тыңдалып, проблемалық тұстар мен оларды шешу жолдары талқыланды. Ауылдық округ әкімдеріне жергілікті деңгейде құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын күшейту, тұрғындармен кері байланысты арттыру және профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Отырыс қорытындысы бойынша күн тәртібіндегі барлық мәселелер жан-жақты талқыланып, тиісті мекемелерге нақты хаттамалық тапсырмалар жүктелді. Берілген тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауға алынды.