Жаңа Конституция – тұрақтылық пен даму кепілі

Жаңа Конституция – тұрақтылық пен даму кепілі

Астана қаласында «Жаңа Конституция – жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында партияаралық диалог алаңы өтті. Іс-шара барысында конституциялық реформаның мазмұны мен маңызы кеңінен талқыланды.

Жиында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақ сөз сөйлеп, Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің тарихи маңызына тоқталды.

Депутаттың айтуынша, қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайында мемлекет пен қоғам жаңа сын-қатерлерге бетпе-бет келіп отыр. Осындай кезеңде елдің құқықтық негізін уақыт талабына сай жаңғырту – стратегиялық қажеттілік.

«Болашағын ойлаған ел үшін “Конституция неге өзгереді?” деген сұрақ емес, “Конституция неге өзгермейді?” деген сауал өзекті», – деді Үнзила Шапақ.

Спикер Конституцияның тек құқықтық нормалар жиынтығы ғана емес, ұлттың рухани тірегі әрі қоғам мен билік арасындағы сенім кепілі екенін атап өтті. Оның пікірінше, ұлттық құндылықтарды нығайту, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту және заң үстемдігін орнықтыру – бүгінгі күннің басты талабы.

Жаңа редакция елдің ұзақмерзімді тұрақтылығы мен орнықты дамуына негіз болуға тиіс. Бұл – әділетті, ашық әрі қауіпсіз мемлекет құруға бағытталған жүйелі бастама.

Сөз соңында депутат алдағы референдумның тарихи жауапкершілігіне тоқталып, әр азаматтың дауысы ел болашағына қосылған үлес екенін жеткізді. Оның айтуынша, жаңа Конституция Қазақстан дамуының келесі кезеңіне жол ашатын маңызды қадам болмақ.