
1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесіне орай Мойынқұм ауданына қарасты Хантау ауылында мекеме қызметкерлері арасында спорттық спартакиада ұйымдастырылды. Тағылымды әрі мазмұнды іс-шараның басты мақсаты – ұжымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау және мерекенің мән-маңызын кеңінен дәріптеу.
Спартакиадаға Мирный, Қияқты, Шығанақ, Хантау, Бірлік, Кеңес, Күшаман және Мойынқұм ауылдарының командалары қатысты. Әр команданы мекеме басшылары мен мектеп директорлары бастап келіп, өз ұжымдарына қолдау көрсетті. Бұл өз кезегінде жарыстың маңызын арттырып, қатысушылардың жауапкершілігін күшейтті.
Жарыс бағдарламасына волейбол, садақ ату, гір тасын көтеру, ұзындыққа секіру, қол күрес және арқан тарту секілді спорт түрлері енгізілді. Қатысушылар әр кезеңде өздерінің ептілігі мен күш-жігерін, командалық бірлігін таныта білді. Әсіресе арқан тарту мен волейбол сайыстары көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырып, жарыс тартысты әрі жоғары деңгейде өтті.
Салтанатты ашылу рәсімінде Т. Жұмағұлов, Е. Жанабаев, Г. Сарсенбетова, А. Маралбаев және Н. Сәденов сөз сөйлеп, қатысушыларды мерекемен құттықтады. Олар Алғыс айту күнінің қоғамдағы татулық пен бірлікті нығайтудағы рөлін атап өтіп, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыс қорытындысы бойынша:
🥇 І орын – Күшаман ауылы
🥈 ІІ орын – Кеңес ауылы
🥉 ІІІ орын – Шығанақ ауылы
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы медальдармен, грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Спартакиада жоғары ұйымшылдық деңгейінде өтіп, мерекелік көңіл күй мен өзара сыйластық атмосферасын қалыптастырды. Мұндай іс-шаралар ұжымдар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, ел бірлігін арттыруға өз үлесін қосады.