
2026 жылғы 25 ақпанда аудандық Мәдениет үйінде «Халықаралық ана тілі күні» мерекесі аясында қазақ халқының жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған «Жамбыл оқулары» атты аудандық байқау жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті.
Ауқымды мәдени-рухани шараның негізгі мақсаты – жас ұрпаққа ұлы жыраудың бай әдеби мұрасын кеңінен насихаттау, ана тіліміздің қадір-қасиетін терең ұғындыру, сондай-ақ оқушылардың көркемсөз оқу шеберлігін, ақындық және шығармашылық қабілеттерін дамыту болды. Байқау ұлттық рухты дәріптеуге, тарихи тұлғалардың тағылымын жас буынның санасына сіңіруге бағытталды.
Байқау екі кезең бойынша өткізілді.
1 кезеңде қатысушылар Жамбыл Жабаевтың жалынды жырларын жатқа, мәнерлеп оқып, сахна мәдениеті мен дауыс ырғағын шебер меңгергендерін көрсетті. Әр үміткер ақын өлеңдерінің мазмұнын терең түсініп, образды жеткізуге ерекше мән берді.
2 кезеңде жас дарындар ақынға арнаған өз шығармаларын орындап, жеке авторлық туындылары арқылы шығармашылық мүмкіндіктерін паш етті. Бұл кезеңде олардың ой тереңдігі, тіл байлығы, көркемдік шешімі мен ақындық деңгейі айқын көрінді.
Байқауға әділ қазылық еткен қазылар алқасы әр қатысушының сахна мәдениетіне, көркемсөз оқу шеберлігіне, дауыс мәнеріне, образды жеткізу қабілетіне және ақындық деңгейіне жан-жақты баға берді. Нәтижесінде үздіктер анықталып, жеңімпаздар марапатталды.
🏆 Бас жүлде – Қазбек Аяна (Биназар ауылы)
🥇 І орын – Алтай Көркем (Құмөзек ауылы)
🥈 ІІ орын – Рысбек Гүлсезім (Сарыөзек ауылы), Серік Ақжан (Назарбеков ауылы)
🥉 ІІІ орын – Қуантай Раяна (Биназар ауылы), Амангелді Кәусар (Құмөзек ауылы), Кеңесбек Береке (Айдарлы ауылы)
Кеш соңында үздік деп танылған қатысушылар арнайы дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды.
«Жамбыл оқулары» – ұлттық рухты жаңғыртып, ана тілінің мәртебесін көтеруге бағытталған тағылымы мол шара болды. Ұлы жыраудың шығармалары – ел бірлігі мен отансүйгіштіктің, әділдік пен адамгершіліктің жарқын үлгісі. Осындай игі бастамалар арқылы жас буынның бойында ұлттық құндылықтарға деген құрмет нығайып, туған тілге деген сүйіспеншілік арта түседі.
Ұлы жыраудың мұрасы – мәңгілік!
Ана тіліміз жасай берсін!