
Мойынқұм ауданында Қазақстан Республикасының Конституциясының жаңа жобасын түсіндіру бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жоспарлы түрде жалғасуда. Осыған орай аудан әкімінің орынбасары М.Тулеулиевтің қатысуымен аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен арнайы кездесу ұйымдастырылды.
Кездесудің негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың мазмұнын жан-жақты түсіндіру, олардың маңыздылығын жеткізу және құқық қорғау саласында қызмет атқаратын мамандардың реформалардың негізгі бағыттары жөніндегі түсінігін кеңейту болды. Іс-шара барысында Конституция жобасында көзделген негізгі жаңашылдықтар мен өзгерістер кеңінен баяндалып, олардың ел дамуы үшін маңызы атап өтілді.
Кездесу барысында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтау, заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытында енгізілетін жаңа нормаларға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар Конституциялық реформалардың басты мақсаты – әділетті қоғам қалыптастыру, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыру және азаматтардың мемлекет басқару ісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейту екендігі айтылды.
Аудан әкімінің орынбасары М.Тулеулиев өз сөзінде Конституция – мемлекеттің негізгі заңы және ел дамуының берік негізі екенін атап өтті. Ол Конституция жобасында ұсынылған өзгерістер мен толықтырулар еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін жеткізді.
Сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жаңа өзгерістерді терең түсініп, өз қызметінде басшылыққа алуы маңызды екендігі ерекше атап өтілді. Өйткені полиция қызметкерлері азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты Конституцияда көзделген жаңашылдықтарды тәжірибеде дұрыс қолдану құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге оң ықпал ететіні айтылды.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, Конституция жобасына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жөнінде толыққанды жауаптар алды. Қатысушылар тарапынан айтылған ұсыныстар мен пікірлер назарға алынды.
Мойынқұм ауданында Конституциялық реформаларды түсіндіру бағытындағы осындай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын тауып, түрлі еңбек ұжымдары мен мекеме қызметкерлері арасында тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады.