
Мойынқұм ауданында Қазақстан Республикасында жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаларды халық арасында кеңінен түсіндіру мақсатында жоспарлы түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Осы бағыттағы кезекті кездесу Мойынқұм ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығында ұйымдастырылды.
Аталған іс-шараға Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары М.Төлеулиев бастаған арнайы ақпараттық-түсіндіру тобы қатысып, орталық мамандары мен қызмет алушыларға жаңа Конституциялық реформаның негізгі бағыттары мен басымдықтары жөнінде жан-жақты мәлімет берді. Кездесу барысында Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың мәні мен маңызы түсіндіріліп, олардың мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталғаны атап өтілді.
Сонымен қатар, реформалардың негізгі мақсаты – мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайту, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыру және азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейту екендігі айтылды. Түсіндіру жұмыстары барысында қатысушыларға Конституциялық реформаның ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашатыны және қоғамдық тұрақтылықты сақтауда маңызды рөл атқаратыны жеткізілді.
Іс-шараға «Мойынқұм таңы» газетінің бас редакторы Е.Досалы және «Мойынқұм медиа орталығының» директоры А.Қосыбай қатысып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңыздылығына тоқталды. Олар Конституциялық реформалар жөніндегі ақпаратты тұрғындарға кеңінен жеткізу – қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Кездесу барысында орталық мамандары мен келушілер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, Конституциялық реформалардың мазмұны мен жүзеге асырылу тетіктері жөнінде толыққанды жауаптар алды. Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстар мен пікірлер назарға алынды.
Осындай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын тауып, аудан тұрғындары арасында Конституциялық реформалардың мәні мен маңызын түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетін болады. Бұл өз кезегінде азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және мемлекеттік реформаларды қолдауға оң ықпалын тигізеді.