
Мойынқұм ауданына қарасты Айдарлы ауылында Конституциялық өзгерістерді түсіндіру мақсатында спортшылар мен белсенді жастардың қатысуымен арнайы кездесу ұйымдастырылды. Жиынды ауылдың спорт нұсқаушысы Сұлтанбек Ерболсын өткізіп, спорт сүйер қауым мен жас буын өкілдеріне жаңа өзгерістердің мазмұнын жан-жақты түсіндірді.
Кездесу барысында Конституцияға енгізілген түзетулердің ел дамуына ықпалы, азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты жаңашыл тұстар қарапайым әрі түсінікті тілде баяндалды. Әсіресе, заң үстемдігін нығайту, әділдік қағидаттарын күшейту және жастардың мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері кеңінен қозғалды. Спикер бұл өзгерістердің қоғамдағы жауапкершілік пен тәртіпті арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Іс-шара еркін форматта өтіп, қатысушылар ашық пікір алмасуға мүмкіндік алды. Жастар өз ойларын ортаға салып, өздерін толғандырған сұрақтарға нақты жауаптар алды. Бұл өз кезегінде олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және азаматтық белсенділігін нығайтуға ықпал етті.
Спорт – тәртіп пен табандылықтың мектебі. Сондықтан да ауыл жастары ел болашағына қатысты маңызды мәселелерге бейжай қарамай, белсенділік танытты. Айдарлы ауылындағы бұл кездесу – саналы, жауапты әрі құқықтық мәдениеті жоғары жас ұрпақ қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болды.