
Мойынқұм аудандық ауруханасында аудандық мәслихат депутаттары мен медицина қызметкерлері арасында мазмұнды кездесу өтті. Жиынға аудандық мәслихат депутаттары Ғалия Шубаева мен Бағлан Жүнісбеков, сондай-ақ «Amanat» партиясы Мойынқұм аудандық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – Конституцияға енгізілетін өзгерістердің мән-маңызын медицина саласының мамандарына кеңінен түсіндіру, олардың пікірін тыңдау және ұсыныстарын ортаға салу болды.
Жиын барысында сөз алған депутаттар денсаулық сақтау саласының ел дамуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Конституциялық өзгерістер аясында азаматтардың сапалы медициналық көмекке қол жеткізу құқығын қамтамасыз ету, әлеуметтік кепілдіктерді нығайту және мемлекет пен қоғам арасындағы жауапкершілікті нақтылау мәселелері кеңінен қозғалды.
Ғалия Шубаева өз сөзінде медицина қызметкерлерінің қоғамдағы орны ерекше екенін айтып, реформалардың басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру екенін жеткізді. Ал Бағлан Жүнісбеков ұсынылып отырған өзгерістер елдің құқықтық жүйесін жетілдіруге, әділеттілік қағидаттарын күшейтуге бағытталғанын атап өтті.
Өз кезегінде Манарбек Көшкімбаев Конституциялық реформалар тек саяси өзгеріс емес, сонымен қатар әлеуметтік салаларға, соның ішінде денсаулық сақтау жүйесіне де оң ықпал ететінін айтты. Ол медицина қызметкерлерін алдағы референдумда белсенділік танытып, ел болашағына қатысты маңызды шешімге атсалысуға шақырды.
Кездесу ашық форматта өтіп, дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері өз сауалдарын қойып, пікір алмасты. Бұл өз кезегінде реформалардың мазмұнын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Медицина саласы – қоғамның айнасы. Ал Конституциялық өзгерістер – сол қоғамның болашағын айқындайтын маңызды қадам. Сондықтан әрбір азаматтың, әсіресе халық денсаулығын күзетіп жүрген ақ халаттылардың бұл үдеріске бейжай қарамауы – уақыт талабы.