
Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасын халық арасында кеңінен түсіндіру мақсатында Қылышбай ауылындағы Ә.Төлепбергенов атындағы орта мектебінің педагогикалық ұжымымен мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің мәні мен маңызын жан-жақты түсіндіріп, білім беру саласы қызметкерлерінің пікірін тыңдау болды.
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары, енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар кеңінен баяндалды. Атап айтқанда, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейту, мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру, қоғамдағы әділдік пен жауапкершілік қағидаттарын нығайту мәселелері тарқатылып айтылды. Сонымен қатар реформалардың елдің қоғамдық-саяси дамуына, құқықтық мемлекет қағидаттарын орнықтыруға және демократиялық үдерістерді тереңдетуге ықпалы нақты мысалдармен түсіндірілді.
Білім беру саласы – қоғамның стратегиялық маңызы бар бағыттарының бірі. Осыған байланысты педагогтарды толғандырған әлеуметтік кепілдіктер, заңнамалық нормалардың білім беру жүйесіне әсері, жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін арттыру мәселелері де талқылау өзегіне айналды. Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты әрі тұшымды жауаптар беріліп, ұсыныстар назарға алынды.
Шара ашық пікір алмасу форматында өтіп, ұжым мүшелері өз ой-пікірлерін еркін жеткізді. Бұл өз кезегінде конструктивті диалог орнатуға және өзара түсіністікті арттыруға мүмкіндік берді.
Кездесу соңында жаңа Конституция жобасының маңыздылығы ерекше атап өтіліп, оны жан-жақты талқылау мен түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатыны айтылды. Мұндай кездесулер халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, реформаларды қоғам болып қолдауға негіз қалайды.