Жигули Дайрабаев Мойынқұм ауданында: Жаңа Конституция жобасын түсіндіру жұмыстары жалғасуда

Жигули Дайрабаев Мойынқұм ауданында: Жаңа Конституция жобасын түсіндіру жұмыстары жалғасуда

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев Мойынқұм ауданына жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында Бірлік ауылының тұрғындарымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын түсіндіру мақсатында мазмұнды кездесу өткізілді.

Жиынға аудан тұрғындарымен қатар аудандық мәслихат төрағасы Нұртас Саурықов, «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев, аудан әкімінің орынбасары Қуандық Төлеубеков қатысты.

Кездесу барысында Мәжіліс депутаты жаңа Конституция жобасына енгізілетін өзгерістердің негізгі бағыттарына жан-жақты тоқталып, олардың мазмұны мен стратегиялық маңызын кеңінен түсіндірді. Атап айтқанда, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтау, заң үстемдігін нығайту және қоғам мен мемлекет арасындағы ашық әрі тиімді диалог орнату мәселелері қамтылды.

Сонымен қатар, жергілікті өзін-өзі басқару институттарын дамыту, өңірлердің дербестігін арттыру және қоғамдық бақылау тетіктерін күшейту бағытындағы бастамаларға ерекше назар аударылды. Депутат ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің елдің ұзақ мерзімді дамуына, саяси жүйенің тұрақтылығына және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын атап өтті.

Кездесу түсіндіру форматында ұйымдастырылып, Конституция жобасының негізгі баптары кезең-кезеңімен баяндалды. Тұрғындарға құжаттың мазмұны нақты мысалдармен жеткізіліп, реформалардың ел болашағына ықпалы сарапталды. Ашық пікір алмасу барысында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды.

Жиын қорытындысында жаңа Конституция жобасы – мемлекет дамуының жаңа кезеңін айқындайтын, елдің бірлігі мен тұрақтылығын нығайтатын маңызды құжат екені атап өтілді. Алдағы уақытта да мұндай ақпараттық-түсіндіру кездесулері жалғасып, тұрғындарға реформалардың мәні мен мазмұны жөнінде жүйелі түрде кеңінен ақпарат берілетін болады.