Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың Мойынқұм ауданына жұмыс сапары: Конституция жобасы кеңінен талқыланды

Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың Мойынқұм ауданына жұмыс сапары: Конституция жобасы кеңінен талқыланды

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев Мойынқұм ауданына жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында 2026 жылғы 18 ақпанда Жамбыл ауылының тұрғындарымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын түсіндіруге арналған кездесу өтті.

Жиынға ауыл тұрғындарымен қатар аудандық мәслихат төрағасы Нұртас Саурықов, «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев, аудан әкімінің орынбасары Қуандық Төлеубеков және белсенді қоғам өкілдері қатысты. Кездесу ашық пікір алмасу форматында ұйымдастырылып, ел өміріндегі маңызды саяси құжат – Конституция жобасының мәні мен маңызы жан-жақты талқыланды.

Кездесу барысында депутат жаңа Конституция жобасына енгізілетін өзгерістердің негізгі бағыттарына кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту, мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру, жергілікті өзін-өзі басқару институттарының рөлін арттыру мәселелері егжей-тегжейлі түсіндірілді. Сонымен қатар, заң үстемдігін қамтамасыз ету, қоғам мен билік арасындағы тиімді әрі ашық диалогты дамыту, халықтың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған бастамаларға ерекше назар аударылды.

Жамбыл ауылының тұрғындары өздерін толғандырған сауалдарын қойып, пікірлерін ортаға салды. Әсіресе, ауылдық инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік қолдау шаралары, жергілікті басқару органдарының өкілеттіктерін кеңейту секілді өзекті тақырыптар көтерілді. Депутат қойылған сұрақтарға нақты жауап беріп, айтылған ұсыныстар мен пікірлер заңнамалық деңгейде қарастырылатынын жеткізді.

Кездесу қорытындысында жаңа Конституция жобасы елдің тұрақты дамуына, демократиялық қағидаттарды нығайтуға және азаматтардың құқықтық қорғалу деңгейін арттыруға бағытталған стратегиялық маңызы бар құжат екені атап өтілді. Сонымен қатар, мұндай түсіндіру және ақпараттық кездесулер алдағы уақытта да жалғасып, халықпен тығыз байланыс орнату жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетіні айтылды.