Халық Банкі ұжымымен кездесу: Референдум – ел болашағына бастар қадам

Халық Банкі ұжымымен кездесу: Референдум – ел болашағына бастар қадам

Мойынқұм ауданы аумағында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын түсіндіру және алдағы жалпыұлттық референдумның маңызын кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осыған орай аудан орталығындағы Халық Банкі ұжымымен арнайы кездесу ұйымдастырылып, сондай-ақ банкке қызмет алуға келген тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру шаралары жүргізілді.

Жиын барысында конституциялық өзгерістердің мәні мен мазмұны жан-жақты баяндалып, референдумның ел дамуы үшін стратегиялық маңызы бар саяси науқан екені атап өтілді. Спикерлер жаңа редакциядағы Конституция жобасы мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге және қоғамдық қатынастарды одан әрі жетілдіруге бағытталғанын жеткізді.

Ерекше назар алдағы референдумның маңыздылығына аударылды. Әрбір азаматтың дауыс беру арқылы ел тағдырына қатысты шешім қабылдауға тікелей қатыса алатыны, бұл – демократиялық қоғамның басты қағидаттарының бірі екені түсіндірілді. Референдум – халықтың ерік-жігерін білдіретін маңызды құрал ретінде бағаланып, белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырылды.

Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтті. Банк қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Сонымен қатар, банк клиенттерімен жүргізілген үгіт-насихат жұмыстары барысында тұрғындарға ақпараттық парақшалар таратылып, референдумның тәртібі мен өткізілу ерекшеліктері түсіндірілді.

Аталған іс-шара қаржы саласы қызметкерлері мен тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыруға, олардың қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуына серпін беруге бағытталды.

Мойынқұм ауданында конституциялық реформа мен референдумды түсіндіру шаралары алдағы уақытта да түрлі мекемелер мен ұйымдарды қамти отырып жалғасады.