Назарбеков ауылы тұрғындарымен Конституциялық реформа бойынша кездесу өтті

Назарбеков ауылы тұрғындарымен Конституциялық реформа бойынша кездесу өтті

Мойынқұм ауданы аумағында Қазақстан Республикасындағы конституциялық реформаны түсіндіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осыған орай, Назарбеков ауылының тұрғындарымен арнайы кездесу ұйымдастырылды.

Іс-шараға ауданнан құрылған комиссиялық топ мүшелері мен арнайы спикерлер қатысып, Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың негізгі бағыттарын кеңінен түсіндірді.

Кездесу барысында конституциялық реформаның басты мақсаттары – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, қоғамдық қатынастарды заманауи талаптарға сай жаңғырту екені атап өтілді. Сондай-ақ енгізілетін өзгерістердің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға және әділетті қоғам қалыптастыруға ықпалы жан-жақты баяндалды.

Спикерлер реформалардың маңыздылығына тоқталып, олардың әрбір азаматтың өміріне тікелей әсер ететінін жеткізді. Әсіресе, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, халықтың шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейту мәселелері кеңінен сөз болды.

Жиын барысында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты әрі мазмұнды жауаптар беріліп, ашық пікір алмасу ұйымдастырылды. Ауыл тұрғындары өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, қоғамдық маңызы бар мәселелерді көтерді. Көтерілген бастамалар мен ұсыныстар назарға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілетіні айтылды.

Мұндай кездесулердің басты мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, реформалардың мән-маңызын кеңінен түсіндіру және халықпен тиімді кері байланыс орнату. Ашық диалог алаңы ретінде ұйымдастырылған басқосу тұрғындар мен билік өкілдері арасындағы өзара сенімді нығайтуға ықпал етті.

Конституциялық реформаны түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасып, ауданның өзге де елді мекендерін қамтитын болады.