
Мойынқұм ауданы аумағында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын халық арасында түсіндіру мақсатындағы кездесулер жалғасуда. Осы бағыттағы кезекті басқосу Қылышбай ауылының тұрғындарымен өтті.
Іс-шараға аудандық мәслихаттың төрағасы Н.Саурықов пен аудан әкімінің орынбасары А.Нурадинов қатысып, конституциялық реформаның негізгі бағыттары мен басымдықтарын жан-жақты түсіндірді.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың мазмұнына кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейту, мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру, жергілікті өзін-өзі басқару институттарының рөлін арттыру мәселелері сөз болды.
Спикерлер реформалардың басты мақсаты – әділетті, ашық әрі халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатын орнықтыру екенін атап өтті. Конституциялық өзгерістер қоғамдағы тұрақтылықты нығайтып, азаматтардың ел өміріне белсенді қатысуына жаңа мүмкіндіктер ашатыны айтылды.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды. Тұрғындар әлеуметтік сала, инфрақұрылым, жергілікті басқару жүйесіне қатысты бірқатар ұсыныс-пікірлерін білдірді. Көтерілген мәселелер назарға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілетіні жеткізілді.
Еркін форматта өткен жиын өзара пікір алмасуға және халықпен ашық диалог орнатуға мүмкіндік берді. Мұндай кездесулер азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, реформалардың мәнін терең түсінуге және қоғамдағы белсенділікті күшейтуге бағытталған.
Жалпы, Қылышбай ауылында өткен басқосу конституциялық өзгерістерді түсіндіру бойынша жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың бір бөлігі болып табылады.