
Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаев спорт саласының жаттықтырушылары, нұсқаушылары және сала ардагерлерімен кездесу өткізді. Басқосу барысында Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілетін өзгерістердің негізгі бағыттары жан-жақты түсіндіріліп, олардың спорт саласының дамуымен өзара сабақтастығы кеңінен талқыланды.
Кездесу барысында аудан басшысы конституциялық реформалардың басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және қоғам өмірінің барлық саласында әділеттілік қағидаттарын орнықтыру екенін атап өтті. Осы тұрғыда спорт саласының да ел дамуының стратегиялық бағыттарының бірі екеніне ерекше назар аударылды.
Жиында енгізілетін өзгерістердің бұқаралық спортты дамытуға тың серпін беретіні айтылды. Әсіресе ауылдық елді мекендерде спорт инфрақұрылымын кеңейту, жасөспірімдер спортына қолжетімділікті арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау мәселелері сөз болды. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде жас буынның денсаулығын нығайтып, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыру көзделіп отыр.
Сонымен қатар, спортшылар мен сала мамандарының құқықтарын қорғау, әлеуметтік кепілдіктерін жетілдіру және кәсіби дамуына жағдай жасау мәселелері де қозғалды. Мемлекеттік басқарудағы жаңашылдықтар спорт нысандарын жаңғыртуға, материалдық-техникалық базаны күшейтуге және жаттықтырушылар құрамын қолдауға жаңа мүмкіндіктер ашатыны атап өтілді.
Кездесу еркін форматта өтіп, сала өкілдері өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Жаттықтырушылар бұқаралық спортты дамыту, ауыл жастарын спортқа тарту және спорттық іс-шаралардың сапасын арттыру бағытында бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Аудан әкімі көтерілген мәселелер назарға алынатынын және тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын жеткізді.
Жалпы, басқосу спорт саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың басымдықтарын түсіндірумен қатар, жергілікті деңгейде тиімді өзара іс-қимылды нығайтуға мүмкіндік берді.