
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын түсіндіру мақсатында аудан әкімінің орынбасары М.Тулеулиев өрт сөндіру бөлімінің ұжымымен арнайы кездесу өткізді. Іс-шараның басты мақсаты – Конституция жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың мазмұнын кеңінен түсіндіру, олардың ел дамуына ықпалын жеткізу және қызметкерлердің пікірлерін тыңдау болды.
Кездесу барысында Конституция жобасында қарастырылған негізгі бағыттар жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз ету және заң үстемдігін нығайту мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Сонымен қатар, реформаның қоғам өмірінің түрлі салаларына, соның ішінде қауіпсіздік және төтенше жағдайлар қызметіне тигізер ықпалы сөз болды. Мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін арттыру, халықпен тиімді кері байланыс орнату тетіктері жөнінде нақты ақпарат берілді.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Қатысушылар тарапынан белсенділік танытылып, ел болашағына қатысты маңызды құжатты талқылауға жоғары қызығушылық байқалды. Барлық сұрақтарға тиісті жауаптар берілді.
Мұндай түсіндіру жұмыстарының басты мақсаты – тұрғындардың және түрлі сала қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, конституциялық өзгерістердің мәнін кеңінен жеткізу және қоғаммен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету.