
Мойынқұм ауданы әкімдігінің бастамасымен Күшаман ауылында аудан басшылығының тұрғындармен кездесуі өтті. Жиынға Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаев қатысып, ауыл халқымен ашық форматта пікір алмасты.
Кездесудің басты мақсаты – Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясы жобасының негізгі бағыттары мен басымдықтарын кеңінен түсіндіру, енгізілетін өзгерістердің қоғам үшін маңызын жан-жақты жеткізу болды.
Аудан әкімі өз сөзінде конституциялық реформалардың стратегиялық мәніне тоқталып, бұл өзгерістердің елдің саяси және құқықтық жүйесін жетілдіруге бағытталғанын атап өтті. Атап айтқанда, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейту, заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік басқару жүйесіндегі тиімділік пен ашықтықты арттыру мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Сонымен қатар билік тармақтарының тепе-теңдігін сақтау, қоғамдық бақылауды күшейту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту бағытындағы нормалар туралы айтылды. Конституциялық өзгерістердің басты мақсаты – әділетті қоғам қалыптастыру, азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту және ел дамуының жаңа кезеңіне қадам жасау екені ерекше атап өтілді.
Жиын барысында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, ұсыныс-пікірлер назарға алынды. Мұндай кездесулер халықпен кері байланысты нығайтып, мемлекеттік бастамалардың мәнін түсіндіруде маңызды рөл атқарады.
Алдағы уақытта да аудан аумағындағы елді мекендерде жаңа Конституция жобасын түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жалғасатын болады.