
Мойынқұм ауданы әкімдігінің бастамасымен Көкжелек ауылында аудан тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылды. Жиынға Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаев қатысып, ауыл халқының алдында сөз сөйледі.
Кездесудің негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясы жобасының мазмұнын түсіндіру, оның қоғам үшін маңызын және енгізілетін өзгерістердің мәнін кеңінен жеткізу болды. Аудан әкімі өз баяндамасында Конституция жобасында қарастырылған негізгі бағыттар мен басымдықтарға тоқталып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері күшейтілетінін атап өтті.
Жиын барысында мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңашылдықтар, билік тармақтарының өзара тепе-теңдігін қамтамасыз ету, қоғамдық бақылау мен ашықтықты арттыру мәселелері кеңінен сөз болды. Сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, азаматтардың шешім қабылдау үдерістеріне қатысу мүмкіндігін кеңейту бағытындағы нормалар түсіндірілді.
Кездесу ашық форматта өтіп, тұрғындар тарапынан белсенділік байқалды. Ауыл азаматтары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Барлық көтерілген мәселелерге нақты жауаптар беріліп, заңнама аясында түсіндірме жасалды.
Мұндай түсіндіру кездесулері халықпен тікелей байланыс орнатудың тиімді тетігі болып табылады. Алдағы уақытта да аудан аумағындағы елді мекендерде жаңа Конституция жобасын кеңінен насихаттау және түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жалғасатын болады.