
Шығанақ ауылын кеңейту және оның инфрақұрылымын жүйелі түрде дамыту мәселесі күн тәртібіне шығарылып, осыған байланысты ауылға кіреберіс аумақта арнайы көшпелі жиын ұйымдастырылды. Жиын барысында елді мекеннің аумағын ұлғайту, бас жоспар әзірлеу және болашақтағы құрылыс жұмыстарын тиімді жоспарлау бағытындағы нақты қадамдар қарастырылды.
Көшпелі кеңеске Ермек Карентаев, аудан әкімінің орынбасары Әлібек Нурадинов, жер қатынастары бөлімінің басшысы Эльдар Кокушев, сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Айбек Бабахан және Шығанақ ауылдық округінің әкімі Руслан Мұсатаев қатысты.
Зерделеу жұмыстарының нәтижесінде Шығанақ ауылының аумағын кеңейту қажеттілігі айқындалды. Қазіргі таңда елді мекеннің бас жоспары әзірлену үстінде. Бас жоспар – ауылдың ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайтын негізгі құжат. Осыған сәйкес егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын сапалы әрі нақты іске асыру, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен тарту, болашақ тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерін белгілеу мәселелері кеңінен талқыланды.
Жиын барысында аудан әкімі жауапты бөлім басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, құжаттамалық рәсімдерді жеделдету, қолданыстағы заң талаптарын қатаң сақтау, жер телімдерін белгілеу кезінде ашықтық пен әділдік қағидаттарын ұстану, сондай-ақ тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескеру қажеттігі атап өтілді. Сонымен қатар инфрақұрылымдық желілерді (жол, электр, су, байланыс) тарту мәселелерін алдын ала кешенді түрде қарастыру тапсырылды.
Ауыл аумағын кеңейту – бұл тек әкімшілік шекараны ұлғайту ғана емес, бұл – болашаққа бағытталған стратегиялық қадам. Жаңа жоспар жаңа мүмкіндіктерге жол ашады: тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік нысандар салу, жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және инженерлік желілерді жаңғырту.
Шығанақ ауылы кезең-кезеңімен дамып, заманауи талаптарға сай инфрақұрылымы қалыптасқан, тұрғындарға қолайлы орта жасалған елді мекенге айналуы үшін жүйелі жұмыстар жалғасатын болады.