
Мойынқұм ауданында қоғамдық ұйымдар қызметін дамыту және кәсіпкер әйелдердің белсенділігін арттыру бағытында маңызды оқиға орын алды. Ауданға арнайы жұмыс сапарымен келген Жамбыл облыстық іскер әйелдер қауымдастығы төрайымы Лештаева Меруерт Қаттабайқызы мен Тараз қалалық іскер әйелдер қауымдастығы төрайымы Ертаева Жанат Акебаевна жергілікті ұйым мүшелерімен кездесіп, аудандық қауымдастықтың жаңа төрайымын сайлау рәсіміне қатысты.
Кездесу барысында аудандық іскер әйелдер қауымдастығының алдағы даму бағыттары, кәсіпкер әйелдерді қолдау тетіктері, өңірдегі шағын және орта бизнесті дамытуға қатысты бастамалар кеңінен талқыланды. Облыстық және қалалық ұйым басшылары өз тәжірибелерімен бөлісіп, әйелдер кәсіпкерлігін дамытудағы жаңа мүмкіндіктер мен серіктестік бағыттарына тоқталды.
Жиын аясында ұйымның қалыптасуына және оның белсенді қызметіне сүбелі үлес қосқан бұрынғы төрайым Ғалия Шубаеваға ерекше алғыс білдірілді. Қауымдастық мүшелері оның басшылығымен бірқатар маңызды жобалар жүзеге асқанын, кәсіпкер әйелдердің ынтымақтастығы нығайғанын атап өтті. Сонымен қатар, Ғалия ханым алдағы уақытта да жаңа басшылыққа ақыл-кеңесін беріп, жинақтаған тәжірибесімен бөліседі деген сенім білдірілді.
Ұйым мүшелерінің ашық дауыс беруі нәтижесінде Мойынқұм ауданының іскер әйелдер қауымдастығының жаңа төрайымы болып Серікбаева Лаура сайланды. Облыстық ұйым басшылығы Лаура ханымға үлкен сенім артылып отырғанын атап өтіп, алдағы жұмысына табыс, тың бастамалар мен нәтижелі жобалар тіледі.
Жаңа төрайым өз сөзінде қауымдастық жұмысының сабақтастығын сақтай отырып, кәсіпкер әйелдердің құқықтық, ақпараттық және әдістемелік қолдауын күшейтуге басымдық берілетінін жеткізді. Сондай-ақ аудан кәсіпкерлерін бір ортаға біріктіріп, әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру, қайырымдылық және қоғамдық бастамаларды қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасын табатынын айтты.
Бұл кадрлық өзгеріс – сабақтастық пен жаңашылдықтың үйлесімі. Мойынқұм ауданының іскер әйелдері алдағы уақытта да бірлік пен іскерлік ұстанымын сақтай отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді үлес қоса береді деген сенім мол.