
Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық инновациялық комплеанс орталығы басшысы Жолдасова Орынқыз Көпбосынқызы Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп педагогикалық ұжымымен және жоғары сынып оқушыларымен кездесіп, Конституциялық өзгерістер аясында атқарылып жатқан жұмыстарды жан-жақты түсіндірді.
Кездесу барысында спикер ұсынылып отырған өзгерістердің мазмұнына кеңінен тоқталып, олардың қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен жауапкершілігін нақты айқындауға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар, Конституция – мемлекеттің негізгі тірегі, ел дамуының стратегиялық бағдары екенін айтып, оны терең түсіну әрбір саналы азамат үшін маңызды екенін жеткізді.
Жиын еркін пікір алмасу форматында өтті. Қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, өз ойларын ортаға салды. Әсіресе жоғары сынып оқушыларының белсенділігі мен құқықтық сауаттылыққа деген қызығушылығы ерекше байқалды. Жастар өздерінің азаматтық ұстанымдары мен ел болашағына қатысты көзқарастарын ашық білдірді.
Шараға Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Тулеулиев қатысып, ел болашағы – білімді де саналы жастардың қолында екенін атап өтті. Ол мұндай кездесулердің маңызы зор екенін айтып, жас буынды елдік мәселелерге жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Осындай мазмұнды әрі тағылымды кездесулер қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттырып, жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етеді. Алдағы уақытта да аудан көлемінде түсіндіру және пікір алмасу бағытындағы іс-шаралар жалғасын табатын болады.