
Мойынқұм ауданының Құмөзек ауылдық медициналық пунктінің қызметкерлерімен Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасын түсіндіру мақсатында кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – Ата Заң жобасында көзделген өзгерістер мен толықтыруларды медицина саласы қызметкерлеріне кеңінен таныстыру және олардың маңыздылығын түсіндіру болды.
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасындағы негізгі бағыттар жан-жақты баяндалды. Атап айтқанда, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту, заң үстемдігін нығайту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласына қатысты нормаларға ерекше назар аударылды. Жоба аясында медицина қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктерін нығайту, олардың құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету, еңбек жағдайларын жақсарту және халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыру бағытындағы бастамалардың маңызы айтылды.
Кездесу ашық форматта өтіп, медицина қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Спикерлер тарапынан нақты жауаптар беріліп, Конституция жобасының денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы рөлі кеңінен түсіндірілді.
Мұндай түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да аудан көлеміндегі өзге де мекемелер мен еңбек ұжымдарында жалғасын табатын болады. Бұл өз кезегінде құқықтық сауаттылықты арттырып, қоғамның конституциялық реформаларға белсенді қатысуына мүмкіндік береді.