
Мойынқұм ауданында жастармен маңызды әрі мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шара барысында Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық инновациялық комплеанс орталығы басшысы Жолдасова Орынқыз Көпбосынқызы аудан жастарына Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілетін өзгерістер төңірегінде атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен түсіндірді.
Кездесу барысында спикер ұсынылып отырған өзгерістердің мазмұны мен маңызына тоқталып, олардың ел болашағына, әсіресе жас буынның құқықтық мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға ықпалы туралы жан-жақты баяндады. Ол Конституция – жай ғана құқықтық құжат емес, мемлекеттің даму бағдары мен қоғам құндылықтарын айқындайтын негізгі заң екенін атап өтті. Сонымен қатар, жастардың белсенді ұстанымы мен саналы таңдауы елдің ертеңін айқындайтынын жеткізді.
Шараға Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Тулеулиев қатысып, жастарды елдік мәселелерге бейжай қарамауға, қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді араласуға шақырды. Ол жас ұрпақтың бастамашылдығы мен жауапкершілігі қоғам дамуының негізгі қозғаушы күші екенін атап өтті.
Іс-шараның ұйымдастырылуына Жастар ресурстық орталығы ұжымы белсенді атсалысып, еркін форматтағы сұрақ-жауап алаңын құрды. Ашық диалог барысында қатысушылар өз ой-пікірлерін ортаға салып, көкейдегі сауалдарын қойды. Пікірталас кезінде құқықтық сауаттылық, азаматтық белсенділік және жас ұрпақтың қоғамдағы рөлі сияқты өзекті мәселелер қозғалды.
Мұндай мазмұнды кездесулер жастардың саяси-құқықтық танымын кеңейтіп қана қоймай, олардың ел дамуына деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Алдағы уақытта да аудан жастарына арналған танымдық әрі мазмұнды шаралар жүйелі түрде жалғасын табатын болады.