
Мойынқұм ауданының Ұланбел ауылында Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасын түсіндіру мақсатында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Іс-шараның басты мақсаты – Ата Заң жобасында көзделген өзгерістер мен толықтырулардың мәні мен маңызын ауыл тұрғындарына кеңінен жеткізу, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бағытталған нормаларды түсіндіру болды.
Кездесу барысында қатысушыларға жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары жан-жақты баяндалды. Атап айтқанда, заң үстемдігін нығайту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, билік тармақтарының тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Сонымен қатар, азаматтық қоғам институттарын дамыту, халықтың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту, әділдік пен ашықтық қағидаттарын орнықтыру бағытындағы бастамаларға ерекше назар аударылды. Жоба аясында әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейту көзделіп отырғаны айтылды.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Ауыл тұрғындары өздерін толғандырған сауалдарын қойып, пікір алмасты. Спикерлер тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, Конституция жобасының қоғам өміріндегі маңызы мен ел болашағы үшін атқаратын рөлі кеңінен түсіндірілді.
Мұндай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да аудан көлемінде жалғасын тауып, халықпен кері байланыс орнату және құқықтық мәдениетті арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетін болады.