
Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаев Жамбыл ауылында орналасқан Абай атындағы орта мектеп ұжымымен кездесіп, Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясы жобасының негізгі бағыттарын түсіндірді.
Кездесудің басты мақсаты – Ата Заң жобасында қарастырылған өзгерістер мен толықтырулардың мән-маңызын кеңінен түсіндіру, білім саласы қызметкерлерінің пікірін тыңдау және қоғамдағы құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру болды.
Жиын барысында аудан басшысы Конституция жобасында көзделген басты өзгерістерге жан-жақты тоқталды. Атап айтқанда, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, билік тармақтарының тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету, заң үстемдігін нығайту және мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыру бағытындағы нормалар түсіндірілді.
Сонымен қатар, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, әділдік пен ашықтық қағидаттарын орнықтыруға, елдегі демократиялық үдерістерді дамытуға бағытталған бастамаларға ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында білім саласына қатысты нормалар да кеңінен сөз болды. Өскелең ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беру ісіндегі мемлекеттің жауапкершілігі, педагог мәртебесін арттыру, білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру мәселелері талқыланды.
Мектеп ұжымы өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Кездесу ашық әрі сындарлы диалог форматында өтті.
Аталған түсіндіру жұмыстары аудан көлеміндегі өзге де мекемелер мен еңбек ұжымдарында жалғасын табатын болады. Бұл өз кезегінде жаңа Конституция жобасын кеңінен талқылауға және қоғамның белсенді қатысуына мүмкіндік береді.